RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

Орталық Азия елдерінің климат, жер және биоәртүрлілік саласындағы жаһандық мақсаттарға қосқан үлесі COP-30 аясында талқыланды

Қараша 20, 2025
277
Орталық Азия елдерінің климат, жер және биоәртүрлілік саласындағы жаһандық мақсаттарға қосқан үлесі COP-30 аясында талқыланды

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенциясы Тараптарының 30-шы конференциясы (COP-30) аясында, Бразилияның Белен қаласында «Ормандар мен жердің тозуы: үш Рио конвенциясының өзара байланысы және Орталық Азияның жаһандық шешімдерге қосқан үлесі» атты сайд-ивент өтті. Іс-шара Орталық Азия климаттық қорының (CACF) Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі Орталық Азияға арналған жобалық кеңсесінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Қатысушылар орманды және тозған жерлерді қалпына келтіру, биоәртүрлілікті сақтау мәселелерін үш Рио конвенциясының хатшылықтарымен және БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымымен бірлесіп талқылады. Сонымен қатар, ОЭСР климаттың өзгеруі, биологиялық алуантүрлілікті сақтау және шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциялар арасындағы синергияға қол жеткізуге арналған қаржылық құралдарды таныстырды.

Сайд-ивентке БҰҰ құрылымдарының, Орталық Азия елдерінің табиғатты қорғау ведомстволарының, ғылыми қауымдастық пен үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты. 

Климаттың өзгеруіне ең осал өңірлердің бірі болып саналатын Орталық Азияда шөлейттену үдерісі қарқынды жүріп, жайылымдар тозып, орман алқаптарының үлесі аймақ аумағының 10%-дан аспайды. Бұл жағдай өңір елдерін экожүйелерді қорғау және жердің тозуының алдын алу бағытында белсенді шаралар қабылдауға итермелеуде. Осы мақсатта өңір елдері тозған жерлерді қалпына келтіру, орман алқаптарын ұлғайту және жер ресурстарын орнықты басқаруды нығайтуға бағытталған бастаманы әзірлеуде. Бұл бастама ӨЭС-2026 аясында өңірдің жаһандық климаттық және экологиялық күш-жігерге қосқан негізгі үлесі ретінде ұсынылатын болады.

Сессия қатысушылары БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенциясы (UNFCCC), Биоәртүрлілік жөніндегі конвенция (CBD) және Шөлейттенуге қарсы күрес конвенциясы (UNCCD) сияқты үш Рио конвенциясының шеңберінде және өңірлік бастамалар аясында күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті. 

Орталық Азия елдерінің өкілдері ормандар мен тозған жерлерді қалпына келтіру, биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі өз ұсыныстарын ұсынды. 

Іс-шара қорытындысы бойынша ӨЭС-2026-ға дайындық аясында ынтымақтастықты нығайту және саммиттің қорытынды құжаттарына енгізілетін ұсынымдарды әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астана қаласында Орталық Азия елдерінің өзекті экологиялық мәселелерін және оларды шешу жолдарын талқылауға арналған Өңірлік экологиялық саммит өтеді.

Бөлісу

Орталық Азия елдерінің климат, жер және биоәртүрлілік саласындағы жаһандық мақсаттарға қосқан үлесі COP-30 аясында талқыланды | RES 2026 өңірлік экологиялық саммиті – қатысу және бағдарлама