Орталық Азия елдері климаттық тәуекелдер туралы ерте ескерту саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында «Орталық Азиядағы ерте ескерту жүйелері: өңірлік ынтымақтастықтан орнықты болашаққа» атты панельдік сессия өткізеді. Іс-шара ұлттық гидрометеорологиялық қызметтердің климаттық тәуекелдерді азайту және өңірлік өзара іс-қимылды нығайту бойынша бірлескен шешімдер әзірлеуіне арналған негізгі алаңға айналады.
Сессияға Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Бас хатшысы Селеста Сауло, БҰҰ Табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасының басшысы Камал Кишор, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ұлттық гидрометеорологиялық қызметтерінің басшылары: Данаpа Алимбаева (Қазақстан), Данияр Төлөгөнов (Қырғызстан), Абдулло Курбонзода (Тәжікстан), Арслан Сейитмухаммедов (Түрікменстан), Шерзод Хабибуллаев (Өзбекстан), GIZ жобасының жетекшісі Сергей Макаров қатысады.
Орталық Азия климаттың өзгеруіне ең осал өңірлердің бірі болып табылады. Құрғақшылықтардың, су тасқындарының және экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуі экономикаға, экожүйелерге және халықтың қауіпсіздігіне елеулі әсер етуде. Осы жағдайларда гидрометеорологиялық және климаттық тәуекелдер туралы тиімді ерте ескерту жүйелерін дамыту ерекше маңызға ие. Бұл мәселе сессияның негізгі тақырыбы болады.
Күн тәртібінде сондай-ақ: Early Warnings for All (EW4All) жаһандық бастамасын Орталық Азия елдерінде іске асыру; өңірдің ұлттық гидрометеорологиялық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту; деректермен, технологиялармен және үздік тәжірибелермен алмасу; заманауи болжау құралдарын және халықты хабардар ету жүйелерін енгізу мәселелері қарастырылады.
Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтердің табиғи қауіп-қатерлерді мониторингтеу, болжау және уақтылы ескерту жүйелерін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше назар аударылады.
Талқылау қорытындысы бойынша Орталық Азия елдерінің ұлттық гидрометеорологиялық қызметтерінің «Барлығы үшін ерте ескерту» бастамасын іске асыру жөніндегі бірлескен мәлімдемесін қабылдау жоспарлануда. Құжатта өңірлік орнықты ерте ескерту жүйесін құруға бағытталған нақты шаралар көрсетіліп, ол өңір елдерінің ұлттық стратегияларына одан әрі енгізу үшін негіз болады.