RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

Орталық Азиядағы климаттық өзгерістерге байланысты көші-қон процестері COP-30 аясында талқыланды

Қараша 16, 2025
207
Орталық Азиядағы климаттық өзгерістерге байланысты көші-қон процестері COP-30 аясында талқыланды

Бразилияның Белен қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына мүше тараптардың 30-сессиясы (COP-30) аясында «Орталық Азиядағы климаттық өзгерістерге байланысты көші-қон және «жасыл» дағдыларды дамыту: 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке қарай» тақырыбында сайд-ивент өтті. Іс-шараның тең ұйымдастырушысы Орталық Азия климаттық қорының Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған Жобалық офисі (бұдан әрі – CACF) болды. Шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, ғылыми орта мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Қатысушылар талқыланған мәселенің өзектілігін атап өтіп, оны шешудің тиімді тетіктерін бірлесе іздестіру мақсатында өзара ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Сондай-ақ олар 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммиттің (бұдан әрі – ӨЭС-2026) күн тәртібін қалыптастыруға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді.

Сайд-ивентке Орталық Азия елдерінің салалық министрліктерінің, халықаралық ұйымдардың және қаржы институттарының, ғылыми қауымдастық пен үкіметтік емес сектордың өкілдері қатысты. 

Сессияның модераторлары ретінде CACF өкілдері сөз сөйледі.

Талқылау барысында Орталық Азия климаттың өзгеруіне ең осал өңірлердің бірі екендігі, әрі аймақтағы жылыну қарқынының жаһандық орташа көрсеткіштен едәуір жоғары екендігі атап өтілді. Сарапшылардың болжамына сәйкес, егер жедел шаралар қабылданбаса, ғасыр соңына қарай Орталық Азияның кейбір өңірлерінде температура 5-6°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Климаттың өзгеруі өңірдегі көші-қон үдерістерін күшейтіп отыр. Құрғақшылық, шөлейттену және табиғи ресурстардың тапшылығы дәстүрлі табыс көздерінің жоғалуына және, әсіресе ауылдық жерлерде, халықтың мәжбүрлі қоныс аударуына алып келуде. 

Халықаралық көші-қон ұйымы Орталық Азиядағы көші-қон үрдістерін талдауға бағытталған ауқымды зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеу нәтижелері ішкі және кері көші-қонның жаңа үрдістерін, мигранттардың әлеуметтік-экономикалық бейнесінің өзгерісін және климаттық пен экологиялық факторлардың халықтың мобильділігіне әсерінің арта түскенін көрсетті. Бұл деректер климаттық өзгерістерге байланысты көші-қон мәселелерін шешуде кешенді тәсілдің қажеттілігін айқындайды. Мұндай тәсіл климаттық бейімделу, көші-қонды басқару және адами капиталды дамыту шараларын біріктіруі тиіс.

Іс-шара барысында климаттық өзгерістерге байланысты көші-қон проблемаларын шешудің өңірлік тәсілдері ұсынылды. Атап айтқанда, «жасыл» дағдыларды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың бейімделу әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Сессия қорытындысында қатысушылар Орталық Азия елдері мен халықаралық қоғамдастық арасында тәжірибе алмасуды кеңейту, климаттық көші-қон мен «жасыл» дағдыларды дамыту саласында ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ ӨЭС-2026 күн тәртібін қалыптастыруға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізу жөнінде уағдаласты.

 Бұған дейін хабарланғандай, Өңірлік экологиялық саммит 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында өтеді, онда Орталық Азия елдерінің экологиялық мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланатын болады.

Бөлісу

Орталық Азиядағы климаттық өзгерістерге байланысты көші-қон процестері COP-30 аясында талқыланды | RES 2026 өңірлік экологиялық саммиті – қатысу және бағдарлама