RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

ЭЫҰ елдері экология мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейтеді

Сәуір 21, 2026
173
ЭЫҰ елдері экология мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейтеді

2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (бұдан әрі – ЭЫҰ) экологиялық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі Диалогтық платформасының алғашқы отырысы өтеді. Бұл отырыс экология саласындағы өңірлік өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін қалыптастырудың бастамасы болады.

Іс-шара 23 сәуірде өңір елдерінің министрлері мен жоғары лауазымды өкілдерінің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың қатысуымен өтеді.

Қазіргі уақытта ЭЫҰ өңірі бірқатар ортақ трансшекаралық экологиялық сын-қатерлерге тап болып отыр. Олардың қатарында ауа, топырақ және су ресурстарының ластануының артуы, биоалуантүрліліктің жедел азаюы, жердің деградациясы мен шөлейттенуі, сондай-ақ климаттың өзгеруінің күшейіп келе жатқан әсері бар. Бұл мәселелер жиынтығында халық денсаулығына елеулі қауіп төндіріп, экожүйелердің тұтастығын әлсіретеді және ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық дамуына, тұрақтылығы мен орнықтылығына қатер төндіреді.

Осы жағдайда Диалогтық платформаны іске қосу мүше мемлекеттер мен халықаралық серіктестер арасында тұрақты әрі құрылымдалған пікір алмасуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ экологиялық саясат саласындағы күш-жігерді үйлестіруге бағытталған.

Отырыстың мақсаты – Диалогтық платформаны өңірлік консультациялар жүргізуге арналған тұрақты алаң ретінде ресми түрде іске қосу, экологиялық мәселелерді шешудің ұлттық тәсілдерімен алмасу және одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау. Кездесу барысында қатысушылар ЭЫҰ-ның экологиялық күн тәртібі аясында өңір елдерінің күш-жігерін үйлестіруге бағытталған Жол картасының жобасын да талқылайды.

Диалогтық платформаның іске қосылуы өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуға, экологиялық саясаттың тиімділігін арттыруға және ЭЫҰ кеңістігіндегі климаттық және табиғи сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге бағытталған маңызды қадам болады.

Бөлісу