RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

ӨЭС 2026 аясында Орталық Азияның су секторын қаржыландыру мәселелері талқыланады

Сәуір 13, 2026
253
ӨЭС 2026 аясында Орталық Азияның су секторын қаржыландыру мәселелері талқыланады

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және Халықаралық су ресурстарын басқару институтымен (бұдан әрі – IWMI) бірлесіп, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында Орталық Азияның су секторын қаржыландыру мәселелеріне арналған сессия өткізеді.
 

«Орталық Азиядағы су секторын орнықты қаржыландыру: сын-қатерлер, мүмкіндіктер және өңірлік ынтымақтастық жолдары» атты панельдік сессия 23 сәуірде өтеді. Іс-шара Орталық Азия елдерінің су ресурстарына жауапты орталық мемлекеттік органдарының басшыларын, халықаралық қаржы институттарының өкілдерін, соның ішінде Азия даму банкі мен Дүниежүзілік банкті, сондай-ақ өңірдің су секторындағы жетекші сарапшылар мен зерттеушілерді біріктіреді. 
 

Орталық Азия климаттың өзгеруіне ең осал өңірлердің қатарына жатады: мұнда жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары, бұл су ресурстарының негізгі көзі болып табылатын мұздықтардың қысқаруына және құрғақшылық, су тасқыны, сел сияқты экстремалды табиғи құбылыстардың жиілеуіне әкеледі.
 

Орталық Азияның су қауіпсіздігі мәселелері жаһандық сын-қатерлердің қатарына жатады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында өңір мемлекеттерінің басшылары мұздықтардың жедел еруі миллиондаған адамдар үшін су мен азық-түлік тапшылығына әкелуі мүмкін екенін атап өтті. 
Өңірдегі ірі су айдындарымен байланысты экологиялық жағдайдың нашарлауы да қосымша алаңдаушылық тудырады. Тиісті шаралар қабылданбаған жағдайда бұл ауқымды дағдарыстарға алып келуі мүмкін.
 

Осындай жағдайда қаржылық тетіктер су секторын дамытудың негізгі құралына айналады. Инфрақұрылымға, болжауға және су ресурстарын басқаруға инвестициялар су және азық-түлік қауіпсіздігіне, экономиканың тұрақтылығына және өңірдің экспорттық әлеуетіне тікелей әсер етеді. 
 

Сессия барысында қаржыландыру көздерін кеңейту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту және өңірлік ынтымақтастықты нығайту бойынша практикалық шешімдер әзірлеу мәселелері талқыланады.
 

ӨЭС аясындағы диалог Орталық Азияның ұзақ мерзімді дамуының негізгі элементі ретінде су секторын қаржыландыру бойынша өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бөлісу