ӨЭС 2026 аясында Орталық Азиядағы трансшекаралық қатерлермен күрес жолдары талқыланады

Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы (бұдан әрі – ОАӨЭО) Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында зооноздық аурулардың өршуінен бастап ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау жүйелеріне климаттық соққыларға дейінгі трансшекаралық қатерлер жағдайында іс-қимылдардың үйлесімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған сессия өткізеді.
«Орталық Азиядағы “Біртұтас денсаулық” өңірлік бағдарламасы» атты панельдік сессия 23 сәуірде «Hilton Astana» қонақүйінде өтеді. Сессияға қатысушылар мен серіктестер қатарында Дүниежүзілік банктің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі – ДДCҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (бұдан әрі – ФАО), Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (бұдан әрі – ЮНЕП), Жануарлар денсаулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (бұдан әрі – WOAH), Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының (IUCN) өңірлік кеңселерінің өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және экология министрліктерінің өкілдері болады.
Климат дағдарысы құрғақшылықты, аптап ыстықты, су тасқындарын және қауіпті аурулардың таралу қаупін күшейткен жағдайда, денсаулық, экология және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері енді жеке-жеке қарастырылатын тақырыптар болудан қалды. Іс-шара дәл осы мәселелерге арналады. Талқылаудың өзегінде адамдардың, жануарлардың және экожүйелердің денсаулығын өзара байланысқан біртұтас жүйе ретінде қарастыратын One Health тәсілі тұр.
Орталық Азия үшін бұл енді теория емес, практикалық қажеттілік. Өңір өсіп келе жатқан климаттық және биологиялық қатерлерге тап болып отыр, ал оларға тек бір елдің немесе бір ведомствоның шеңберінде тиімді жауап беру мүмкін емес. Сондықтан сессияға қатысушылар тек проблемаларды ғана емес, нақты шешімдерді де талқылайды: деректер алмасуды қалай жолға қоюға болады, ерте ескерту жүйесін қалай күшейтуге болады, салааралық өзара іс-қимылды қалай дамытуға болады және елдер дәл қазір қандай бірлескен қадамдарды қолдауға дайын.
Талқылауда 2025 жылғы шілдеде іске қосылған және ОАӨЭО жүзеге асырып жатқан Орталық Азияға арналған One Health өңірлік бағдарламасына, сондай-ақ өңір елдерінің ұлттық бастамаларына ерекше орын беріледі. Сессия One Health өңірлік іс-қимыл жоспарын келісуді ілгерілетуге ықпал етеді деп күтілуде. Бұл құжат елдер, халықаралық серіктестер және бейінді ведомстволар арасындағы үйлестірудің практикалық құралына айналуға тиіс.
Өңір үшін аса сезімтал мәселелерге жеке назар аударылады: климатқа байланысты денсаулыққа төнетін қатерлер, ветеринариялық жүйелердің орнықтылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, зертханалық дайындық, трансшекаралық ден қою және елдер арасындағы ақпарат алмасу. Дәл осы тақырыптар өңірдің дағдарыстарға салдарын жойғаннан кейін емес, алдын ала жол бермеу қабілетін айқындайды.