RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

Қазақстан Токиода шығарындылардың спутниктік мониторингін ұсынды

Ақпан 18, 2026
197
Қазақстан Токиода шығарындылардың спутниктік мониторингін ұсынды

Қазақстан климаттық есептіліктің ұлттық жүйесінде спутниктік деректерді пайдалану тәсілдерін ұсынып, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) Басқарма төрағасы Сәкен Қалқамановтың Токиоға жұмыс сапары аясында декарбонизация саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізді. 

Сапардың басты оқиғасы қазақстандық делегацияның Париж келісімі шеңберінде ашықтық туралы екі жылдық есептерді (BTR) әзірлеуге арналған «Hybrid Approaches to Standards for BTR Development: Trust and Transparency in National GHG Inventories» халықаралық конференциясына қатысуы болды. Конференция барысында Қазақстан парниктік газдар түгендеуіне спутниктік деректерді интеграциялаудың ұлттық тәсілдерін таныстырып, климаттық есептіліктің дәлдігін, ашықтығын және салыстырмалылығын арттыруға бағытталған ұстанымын ұсынды.

Сәлемдесу сөзінде Сәкен Қалқаманов дәстүрлі түгендеу тәсілдері мен спутниктік бақылауларды біріктіретін гибридті әдістерді қолдану қазіргі Климаттық саясаттың қажетті элементіне айналатынын атап өтті. Оның пікірінше, қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану жерді пайдалану карталарын үнемі жаңартып отыруға, жер санаттары арасындағы ауысуларды бақылауға, табиғи өрттердің салдарын бағалауға және экожүйелерді қалпына келтіруге, ауылшаруашылығындағы метан шығарындыларының тенденцияларын талдауға, сондай-ақ мал басының динамикасына және өсімдік қалдықтарын жағу тәжірибесіне байланысты қалыптан тыс өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан "ауылшаруашылығы" және LULUCF секторларында пилоттық жобаларды іске асыруды, QA/QC ұлттық жүйесін жетілдіруді, сонымен қатар атмосфералық токтарды шығарындылар көздерінің түгендеу санаттарымен салыстыруды көздейтін спутниктік деректерді интеграциялауға кезең-кезеңмен және салмақты тәсілді белгіледі. Ұсынылған тәсіл елдің климаттық есептіліктің ғылыми негізделген тұрақты жүйесін қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытын көрсетеді.

NDC нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған ұлттық саясат шаралары бойынша панельдік сессия барысында IGTIC басшысы орталықтың жасыл технологиялар саласындағы практикалық шешімдерді ілгерілетудегі рөлін атап өтіп, өңірлік экологиялық саммит пен RES 2026 EXPO халықаралық көрмесін климаттық технологияларды енгізудің негізгі платформасы ретінде дайындау жұмыстарын таныстырды, сондай-ақ Қазақстанның ашықтық тетіктерін дамыту жөніндегі ұстанымы мен Орталық Азиядағы бастамаларын баяндады.

 Сапар барысында Жапонияның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Жаһандық қоршаған орта бюросының бас директоры Секия Такешимен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар парниктік газдар шығарындыларын бақылау және тексеру үшін GOSAT спутниктік деректерін пайдалану мүмкіндіктерін, сондай-ақ Joint Crediting Mechanism (JCM) аясындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жапон тарапына RES-2026 бастамасы мен RES 2026 EXPO тұжырымдамасы технологиялар трансферті мен өңірге инвестиция тартудың практикалық тетіктері ретінде таныстырылды. Жеке келіссөздер блогы жапондық бизнеспен ынтымақтастықты дамытуға арналды. Finetech Co., Ltd. және Nagashima Holdings Co., Ltd. компанияларының басшылығымен өткен кездесуде төмен көміртекті технологияларды енгізу, өнеркәсіпті экологиялық жаңғырту және климаттық бастамаларға инвестициялар тарту бағытындағы бірлескен жобалардың перспективалары талқыланды.

Басым бағыттардың ішінде Qarmet компаниясының экологиялық міндеттерін шешуге жәрдемдесу көрсетілген. Бейінді жапондық технологиялық әріптестерді тарту, озық шешімдермен алмасу, экологиялық жүктемені азайту және өндірістің энергия тиімділігін арттыру бойынша бірлескен жобаларды дайындау үшін IGTIC сараптамалық және халықаралық коммуникациялық алаңын пайдалану қарастырылуда. Бұл жұмыс бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болып табылады және JCM шеңберінде жобаларды іске асыруға сәйкес келеді.

Сапар қорытындысы бойынша жапондық мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінің Қазақстанмен климаттық күн тәртібі аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жоғары қызығушылық танытқаны атап өтілді. Қол жеткізілген уағдаластықтар технологиялар мен инвестициялар тартуға, төмен көміртекті шешімдерді енгізуге және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды практикалық тұрғыда іске асыруға негіз қалайды. Қазақстан ұсынған бастамалар 2026 жылғы өңірлік экологиялық саммитке дайындық шеңберінде қарастырылуда және бұл алаң өңірлік климаттық шешімдерді талқылау мен әріптестіктің жаңа тетіктерін қалыптастырудың негізгі халықаралық платформасына айналмақ.

Анықтама:

«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (Орталық) - Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жасыл технологияларды ілгерілетумен, экологиялық жобаларға инвестициялар тартумен және орнықты даму аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытумен айналысатын ведомстволық бағынысты ұйымы.

 

Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – климаттың өзгеруін, су ресурстарының тозуын, табиғи ресурстарды орнықты басқаруды және т.б. қоса алғанда, өткір экологиялық мәселелерді шешу үшін Орталық Азия елдері мен басқа да мемлекеттерді біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. RES-2026 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында (Қазақстан) өтеді. Саммитке 1500 делегат - мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдері қатысады деп жобаланып отыр. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында БҰҰ-мен әріптестікте RES 2026 өткізу бастамасын жариялады. 

Бөлісу