RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

Орталық Азиядағы климаттың өзгеруімен күрестің практикалық қадамдары ОАӨККК-2026 аясында талқыланады

Сәуір 16, 2026
300
Орталық Азиядағы климаттың өзгеруімен күрестің практикалық қадамдары ОАӨККК-2026 аясында талқыланады

2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі 8-ші конференция (бұдан әрі – ОАӨККК-2026) өтеді. Іс-шараға өңір елдерінің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, бизнес өкілдерінің, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғамның өкілдері қатысады.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, климаттың өзгеруі мен экстремалды ауа райы құбылыстары Орталық Азия елдерінің ЖІӨ-нің орта есеппен 5,5%-ға қысқаруына әкеліп соқты. Негізгі факторлар – құрғақшылықтың, су тасқындарының және өзге де климаттық күйзелістердің жиілеуі. Егер шұғыл бейімделу шаралары қабылданбаса, 2050 жылға қарай өңірдегі өнімділік 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін, бұл азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыл халқының табысына елеулі қауіп төндіреді. Сонымен қатар, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі су тапшылығы, ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеуі және табиғи апаттардың қайталануы салдарынан шамамен 5,1 млн адамды көшуге мәжбүр етуі мүмкін.
2018 жылдан бастап ОАӨККК Орталық Азия елдерінің климаттық тәуекелдерге төзімділігін арттыруға бағытталған келісілген өңірлік тәсілдерді әзірлеу және практикалық шешімдерді талқылау алаңы болып келеді. Конференция сондай-ақ климаттың өзгеруін бәсеңдету және өңір экономикасы мен халқын оның салдарына бейімдеу жөніндегі шаралар мен жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тартуға ықпал етеді.
ОАӨККК-2026 Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығы (бұдан әрі – ОАӨЭО) тарапынан өңір елдерінің үкіметтерімен және халықаралық серіктестермен бірлесіп ұйымдастырылады.
Биылғы конференцияның ұраны – «Мемлекет пен бизнес әріптестігі» – ағымдағы кездесуде нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған: мемлекеттік және жеке сектор өкілдері арасында әріптестік келісімдерге қол қоюдан бастап, шығарындыларды азайтуға, табиғи ресурстарды сақтауға және өңір елдеріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірлескен климаттық жобалар мен инвестициялық платформаларды іске қосуға дейін.
2025 жылға қарай елдер Париж келісімі аясында шығарындыларды қысқарту және климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қамтитын жаңартылған Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін (ҰДАҰ 3.0) қабылдап, халықаралық климаттық міндеттемелерін белсенді іске асыру кезеңіне өтті. ОАӨККК-2026 қатысушылары ұлттық деңгейде жаңартылған ҰДАҰ-ны іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударады.
Конференцияның басым бағыттарына сондай-ақ бейімделу саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту, ландшафтарды қалпына келтіру, климаттық тәуекелдерді басқару және жаңартылатын энергетиканы дамыту мәселелері кіреді.
Маңызды бағыттардың бірі климаттық қаржыландыруды жұмылдыруды, жеке сектордың белсенді қатысуын және өңір елдерінің жаңа жаһандық тетіктерге қол жеткізуін кеңейтуді талқылау болады. 
Қатысушылар сондай-ақ шөлейттенумен күрес, ландшафтарды қалпына келтіру, климаттық тәуекелдерді басқару және әртүрлі секторларда метан шығарындыларын қысқарту жөніндегі бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылайды. 
Іс-шараның маңызды міндеттерінің бірі – 2026 жылғы қарашада өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясына (COP31) Орталық Азия елдерінің бірлескен дайындығын қамтамасыз ету. Бұл алаңда осы саладағы негізгі халықаралық шешімдер, келісімдер мен қаржылық тетіктер қабылданатын болады.








Бөлісу