RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

ӨЭС 2026 аясында Орталық Азиядағы климаттық шешімдерді қалыптастырудағы ғылымның рөлі талқыланады

Сәуір 07, 2026
4
ӨЭС 2026 аясында Орталық Азиядағы климаттық шешімдерді қалыптастырудағы ғылымның рөлі талқыланады

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында Орталық Азияның орнықты дамуы мен климаттық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі ғылымның, инновациялардың және озық технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллектінің рөлін талқылауға арналған сессия өткізеді.
«Өңірлік климаттық шешімдерді қалыптастырудағы академиялық және ғылыми қауымдастықтың рөлі» тақырыбындағы тақырыптық сессия 24 сәуірде өтеді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, COMSTECH пен ХҒТО-ны қоса алғанда, жетекші халықаралық ұйымдардың, Қазақстан мен Орталық Азияның ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орындарының, сондай-ақ еуропалық зерттеу институттарының өкілдері қатысады. 
Орталық Азия климаттың өзгеруінің әсеріне ең осал өңірлердің қатарына жатады, әсіресе су қауіпсіздігі, мұздықтардың шегінуі, экожүйелердің деградациясы және климаттық тәуекелдердің артуы тұрғысынан. Бұл сын-қатерлер ұзақ мерзімді әрі трансшекаралық сипатқа ие және ғылыми деректерге, пәнаралық зерттеулерге және стратегиялық болжауға негізделген жауап шараларын талап етеді.
Осы тұрғыда академиялық және ғылыми-зерттеу мекемелері тек білім қалыптастырушы ғана емес, сонымен қатар үкіметтер, халықаралық ұйымдар және даму институттары үшін стратегиялық әріптес ретінде аса маңызды рөл атқарады.
Жаһандық климаттық сын-қатерлердің күшеюі, технологиялық бәсекенің артуы және «жасыл» әрі цифрлық экономикаға көшу жағдайында ғылым жаңа мәнге ие болуда — жүйелі трансформациялардың драйвері, болжау құралы және стратегиялық шешімдер қабылдаудың негізі ретінде.
Сессия аясында мынадай мәселелерге ерекше назар аударылады:
●       климаттық модельдеу мен табиғи ресурстарды басқаруда жасанды интеллект пен үлкен деректерді қолдану; 
●       климаттық және экологиялық технологияларды (climate tech, clean tech) дамыту; 
●       өңірлік инновациялық экожүйелер мен ғылыми платформаларды қалыптастыру; 
●       шешімдерді енгізуді жеделдету үшін ғылым, бизнес және мемлекетті ықпалдастыру; 
●       адами капиталды дамыту және жаңа буын мамандарын даярлау. 
Ғылыми қауымдастықтың ұзақ мерзімді даму сценарийлерін қалыптастырудағы және өңірлердің климаттық тәуекелдерге төзімділігін арттырудағы рөлін, соның ішінде су қауіпсіздігі, экожүйелердің деградациясы және ресурстарды трансшекаралық басқару мәселелерін талқылау жеке бағыт болады. 
Сессия ғылыми ынтымақтастықтың жаңа форматтарын қалыптастыруға, инновациялық жобаларды дамытуға және ғылымды, технологияларды және саясатты ықпалдастыруға бағытталған Орталық Азияның Өңірлік климаттық хабын құру жөніндегі бастамаларды іске қосуға бастау болады деп күтілуде.











Бөлісу

ӨЭС 2026 аясында Орталық Азиядағы климаттық шешімдерді қалыптастырудағы ғылымның рөлі талқыланады | RES 2026 өңірлік экологиялық саммиті – қатысу және бағдарлама