ӨЭС 2026 аясында жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін мамандар даярлау мәселелері талқыланады

Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығының (бұдан әрі – ОАӨЭО), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (бұдан әрі – ЕҚЫҰ), Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының (бұдан әрі – GIZ) бірлесуімен 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін мамандар даярлау мәселелеріне арналған сессия өткізіледі.
«Орталық Азияда жаңартылатын энергетиканы ілгерілету үшін кадрлық әлеуетті дамыту және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы» атты панельдік сессия 23 сәуірде «Hilton Astana» қонақүйінде өтеді және мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, бизнес өкілдерінің және халықаралық ұйымдардың қатысушыларын біріктіреді.
Іс-шара ЕҚЫҰ–ОАӨЭО (RTEET) бастамасы, GIZ-тің «Орталық Азиядағы жасыл экономикаға арналған жасыл дағдылар (PROGRESS)» өңірлік жобасы және ЕО–GIZ «EU4SustainableCentralAsia: Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия (EURECA)» бағдарламасы аясында ұйымдастырылады.
Халықаралық бағалауларға сәйкес, жаңартылатын энергия секторы қарқынды өсуде: 2023 жылы онда 16,2 млн адам жұмыс істеді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 млн-ға көп. Сонымен қатар жұмыс орындарының шамамен 44%-ы күн энергетикасына тиесілі. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің әлемдік электр энергиясын өндірудегі үлесі 43%-ға дейін өседі деп күтілуде.
Осы жағдайларда Орталық Азия елдері күн және жел энергетикасы бойынша 8 ГВт-қа дейін жаңа қуаттарды іске қосуды жоспарлап отыр. Алайда саланың даму қарқыны білім беру және кадр даярлау жүйесінің мүмкіндіктерінен асып түсуде, ал білікті мамандардың тапшылығы өңірде жаңартылатын энергетиканы дамытудағы негізгі кедергілердің біріне айналуда.
Сессия барысында қатысушылар алдағы жылдары ең сұранысқа ие болатын құзыреттерді, білім беру бағдарламаларын нарықтың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу жолдарын, мамандардың практикалық даярлығын күшейту, бірлескен зерттеулер мен академиялық ұтқырлықты дамыту мәселелерін талқылайды. Жеке сектордың кадр даярлау мен инновацияларды енгізудегі рөліне ерекше назар аударылады.
Күтілетін негізгі нәтижелердің бірі Орталық Азияның техникалық жоғары оқу орындары мен ОАӨЭО арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою болады. Бұл өңірлік кадр даярлау жүйесін дамытуға, бірлескен зерттеулер мен тұрақты академиялық ынтымақтастыққа негіз қалайды.
«Таза энергияға көшу – бұл тек технологиялар мен инвестициялар ғана емес. Ең алдымен, бұл болашақтың энергетикалық жүйелерін жобалай, құрастыра және қызмет көрсете алатын мамандар. Бізде күн және жел энергетикасының орасан зор әлеуеті бар, және бұл әлеует қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін, осы сессияда компаниялар мен университеттердің ортақ тіл табысуына мүмкіндік беретін өңірлік ынтымақтастықтың негізін қалауымыз қажет», – деп атап өтті ОАӨЭО атқарушы директоры Батыр Мамедов.
Аталған іс-шара алдағы 12–18 ай ішінде жүзеге асырылуы мүмкін практикалық шешімдерді әзірлеуге арналған алаңға айналып, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және климаттық өзгерістерге төзімділікті арттыруға үлес қосады.