RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

Орталық Азия және Әзербайжан еріктілері ӨЭС 2026 аясында экологиялық мәселелерді шешу үшін бас қосады

Сәуір 08, 2026
1772
Орталық Азия және Әзербайжан еріктілері ӨЭС 2026 аясында экологиялық мәселелерді шешу үшін бас қосады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымымен (бұдан әрі – БҰҰ) бірлесіп, 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында «Еріктілік және экологиялық іс-қимыл» атты панельдік сессия өткізеді. Іс-шара Орталық Азия елдері мен Әзербайжан еріктілерін тәжірибе алмасу, бірлескен шешімдер әзірлеу және тұрақты даму жолында күш-жігерді біріктіру мақсатында біріктіреді.
Аталған сессия ӨЭС аясында Халықаралық еріктілер жылы шеңберінде өтеді. Бұл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында ұсынған бастамасы негізінде, 2023 жылғы 18 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған жаһандық бастама.
Халықаралық жыл еріктіліктің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі негізгі тетік ретіндегі рөлін мойындауға, нығайтуға және кеңейтуге бағытталған.
Сессия 23 сәуірде өтеді және Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан 100-ден астам белсенді еріктілер мен азаматтық қоғам көшбасшыларын біріктіріп, өңірдегі экологиялық сын-қатерлерді шешудегі еріктіліктің рөлін талқылайды.
Іс-шараға жоғары деңгейдегі халықаралық және мемлекеттік қайраткерлер қатысады, олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің орынбасары Хаолян Шу, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Әзербайжанның ҮЕҰ-ларды мемлекеттік қолдау агенттігінің төрайымы Айгюн Алиева және басқа да тұлғалар бар. Сонымен қатар БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Курбановтың арнайы бейнеүндеуі жоспарланған.
Панельдік сессия қорытындысы бойынша экологиялық еріктілікті дамыту жөніндегі қатысушы елдердің ортақ ұстанымын көрсететін Резолюция қабылданады. Құжатты БҰҰ штаб-пәтеріне жолдау жоспарлануда.
Сонымен қатар, алаң аясында Маңғыстау облысында «Caspian Sea Action Week 2026» және Қызылорда облысында «Green Aral: Volunteers for Life» экологиялық жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қойылады. 
Аталған бастамалар өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін еріктілер күшін біріктіруге маңызды қадам болады.






Бөлісу