RES 2026 логотипі
Жаңалықтар

ӨЭС 2026 аясында Каспий мәселелерін шешу үшін Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланады

Сәуір 09, 2026
12
ӨЭС 2026 аясында Каспий мәселелерін шешу үшін Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланады

2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (бұдан әрі – ӨЭС) аясында «Тегеран конвенциясы бойынша диалог: Каспий теңізі мүддесі үшін ынтымақтастықты нығайту» атты жоғары деңгейдегі сессия өтеді. Іс-шара аясында теңіз деңгейінің төмендеуі, ластану және биоалуантүрліліктің азаюы мәселелерін шешуде Каспий маңы елдерінің өзара іс-қимылын күшейту мәселелері талқыланады.

Сессия 23 сәуірде өтеді. Іс-шараға Каспий маңы мемлекеттерінің табиғатты қорғау ведомстволарының және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. 

Тегеран конвенциясы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау саласындағы Каспий маңы елдерінің алғашқы құқықтық құжаты болып табылады және өңірдің экологиялық проблемаларын шешу бағытында Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығын дамытуға елеулі үлес қосты. 

Конвенция күшіне енген сәттен бергі 20 жыл ішінде Каспий маңы елдерінің пәнаралық сипаттағы көптеген міндеттер бойынша шешімдер әзірлеуінің негізіне айналды. Бұл, атап айтқанда, 2026–2036 жылдарға арналған Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы жөніндегі Каспий маңы мемлекеттерінің іс-қимыл жоспарында көрініс тапқан.

Тегеран конвенциясы бойынша диалог Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, теңіз ортасының ластануы, биоалуантүрліліктің азаюы және мониторинг жүйелерін жаңғырту қажеттілігі сияқты күшейіп келе жатқан экологиялық сын-қатерлер жағдайында Каспий маңы мемлекеттері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. 

Сессия қатысушылары Каспий өңіріндегі негізгі сын-қатерлерді және оларды шешу үшін елдер қабылдап жатқан шараларды; Каспий теңізі мүддесі үшін Каспий маңы мемлекеттері ынтымақтастығын нығайтудың тетіктерін; Каспий өңірінің орнықты дамуын қолдау мақсатында халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен әріптестікті күшейту мәселелерін талқылайды. 

Жоғарыда аталған Каспий маңы мемлекеттерінің іс-қимыл жоспарын ұлттық, өңірлік немесе халықаралық тетіктер арқылы іске асырудың тиімді тәсілдерін әзірлеуге және оны неғұрлым кешенді мемлекетаралық бағдарламаға айналдыру мүмкіндігіне ерекше назар аударылады. 

Бөлісу

ӨЭС 2026 аясында Каспий мәселелерін шешу үшін Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланады | RES 2026 өңірлік экологиялық саммиті – қатысу және бағдарлама